Мейірім Нұрсұлтанов 3 наурызда мексикалық боксшымен жұдырықтасатын болды

Мейірім Нұрсұлтанов 3 наурызда мексикалық боксшымен жұдырықтасатын болды
Фото: vk.com

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтановтың (5-0, 4 КО) кәсіпқой бокстағы келесі қарсыласы анықталды. Отандасымыз 3 наурыз күні мексикалық боксшы Алехандро Торреспен қолғап түйістіреді.

Мейірім шаршы алаңға шығатын бокс кеші Нью-Йорк қаласындағы "Madison Square Garden" спорт кешенінде өтеді. Бұл бокс кешінің басты жекпе-жегінде ресейлік боксшылар Сергей Ковалев пен Игорь Михалкин жұдырықтасады.

Қос боксшы арасындағы жекпе-жек алты раундқа жоспарланған. Мексикалық боксшы кәсіпқой бокста 14 кездесу өткізіп, 5 рет жеңілген.

Мейірім Нұрсұлтанов болса өзінің соңғы кездесуін 25 қарашa күні "Madison Square Garden" спорт кешенінде өткізіп, америкалық Эрик Муннан үстем түсті. Жалпы отандасымыз кәсіпқой бокста бес кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 4 рет ол қарсыласын нокаутқа түсірген.

Айта кетейік, дәл осы бокс кешінде тағы бір отандасымыз шаршы алаңға шығады. Ол - Мадияр Әшкеев. Оның қарсыласы - Доминикан Республикасының боксшысы Хосе Антонио Абреу.

Ө. Сансызбай