Роджер Федерер "Үлкен дулыға" санатындағы жарыстарда жиырмасыншы рет жеңіске жетті

Роджер Федерер "Үлкен дулыға" санатындағы жарыстарда жиырмасыншы рет жеңіске жетті
Фото: vk.com

Швейцариялық теннисші Роджер Федерер Аустралия ашық чемпионатында (Australian Open) екінші жыл қатарынан жеңіске жетті. Сондай-ақ "Үлкен дулыға" санатындағы жарыстарда жиырмасыншы рет жеңіс тұғырынан көтерілді.

Роджер биылғы "Australian Open" жарысының финалында хорват теннисшісі Марин Чиличпен кездесті. 3 сағат 5 минутқа созылған ойында 6:2, 6:7, 6:3, 3:6 және 6:1 есебімен швейцариялық теннисші жеңіске жетті. Нәтижесінде екінші жыл қатарынан бұл жарыста жеңімпаз атанып отыр. Осыған дейін 2004, 2006, 2007 және 2010 жылдары да Роджер Федерер топ жарған болатын.

Роджер Федерер "Үлкен дулыға" санатындағы жарыстарда жиырмасыншы рет жеңіске жетті. Ол осыған дейін "Роллан Гарроста" – 1 рет (2009), "Уимблдонда" – 8 рет (2003-2007, 2009, 2012, 2017), АҚШ ашық біріншілігінде (US Open) 5 рет (2004-2008) жеңімпаз атанды. Бұл "Үлкен дулыға" санатындағы ең үздік көрсеткіштердің бірі. 36 жастағы теннисші мұндай жетістікке 16 жыл ішінде қол жеткізді. Ал жалпы АТР санатындағы турнирлерде 96 рет топ жарған.

2018 жылғы Аустралия ашық чемпионатының әйелдер арасындағы бәсекесінде дат Каролина Возняцкий жеңімпаз атанды. 

Айта кетейік, 2-4 ақпан күндері аралығында теннистен Қазақстан құрамасы "Дэвис кубогы" аясында Швейцариямен кездеседі. Астанада өтетін бұл кездесуге Роджер Федерер мен Станислас Вавринка келмейді.

Ө. Сансызбай