Пхенчхандағы Олимпиадада жүлде алған қазақстандық спортшылар қанша сыйақы алады?

О Сансызбай Корреспондент
Пхенчхандағы Олимпиадада жүлде алған қазақстандық спортшылар қанша сыйақы алады?
Фото ©️ YouTube

ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының басталуына екі аптадан аса уақыт қалды. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 49 жолдама бар. Шаңғы спортынан қосымша жолдамалар болуы бек мүмкін.

БӨЛІСУ

Бүгін Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан AIBA академиясында Олимпиадаға қатысушыларды шығарып салуға арналған арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Қазақстан құрамасының толық құрамы 2-3 күннің ішінде белгілі болатыны айтылып, ақ Олимпиада алдындағы жоспарлар талқыланды.

Қазақстан құрамасы Сочиде бір қола медаль иеленді. Пхенчхандағы ойындарда Ресейдегі Олимпиадада көрсеткен нәтижені, мүмкін болса одан асып түсуді мақсат тұтып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов айта кетті.

- Спортшыларымызға сәттілік тілеймін. Оларға бар жағдай жасалып отыр, үмітті ақтайды деген сенімдемін. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде 4 спортшымыз ғана жүлде алған. Олар: Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева және Денис Тен. Қысқы Олимпиадада жүлде алу оңай емес. Біз Сочи Олимпиадасында көрсеткен нәтижемізден кем емес, мүмкін болса одан да жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздеп отырмыз, - деді.

Сондай-ақ Елсияр Қанағатов Пхенчхан Олимпиадасында жүлде алған спортшылар қанша сыйақы алатыны туралы да айта кетті.

- Олимпиада ойындарында жүлде алған спортшыларға берілетін сыйақы көлемі өзгерген жоқ. Бұрынғыдай жеңімпаз атанған спортшы мен жаттықтырушысына 250 мың АҚШ доллары беріледі. Екінші орынға – 150 мың, үшінші орынға 75 мың доллар беріледі. Алтыншы орынға дейін сыйақы қарастырылған, - деді Қанағатов.

Осыған дейін арнайы тағайындалған сыйақы мөлшері бойынша Олимпиадада 4-орын алған спортшы – 30 мың, 5-орын – 10 мың, 6-орын алса 5 мың АҚШ долларын алады.

Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында өтеді. Төрткүл дүние асыға күткен доданың ашылу салтанатында Қазақстанның туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев ұстап шығады.