Александр Бородюк ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметінен кетті

Александр Бородюк ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметінен кетті
Фото: Sputnik Казахстан

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Бородюк қызметінен кетті. Бұл туралы ҚФФ ресми сайты хабарлады.

- Келісімшарт екі жақтың келісімі бойынша бұзылды. Қазақстан футбол федерациясы Александр Генриховичті жасаған қызметі үшін алғыс айтып, алдағы уақытта сәттілік тілейді. Қазақстан құрамасының жаңа бапкерін жуық арада хабарлаймыз", - делінген ҚФФ таратқан ресми хабарламада.

55 жастағы маман Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы қызметіне 2017 жылдың ақпан айында келген еді. Одан бергі аралықта ұлттық құрама 7 ойын өткізіп, 1 кездесуде ғана тең нәтижеге қол жеткізе алды. 6 ойында қарсыластарына есе жіберді. Барлығы 6 гол соғып, 18 рет допты өз қақпаларынан алып шықты. 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі топта соңғы орынға тұрақтады.

Айта кетейік, 23 наурыз күні Қазақстан құрамасы Будапештте Венгрия құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. 

Ө. Сансызбай