Футболдан Қазақстан Суперкубогы ойыны Астанада өтеді

Футболдан Қазақстан Суперкубогы ойыны Астанада өтеді
Фото: vk.com

Футболдан 2018 жылғы Қазақстан Суперкубогы ойыны 4 наурыз күні "Астана Арена" стадионында өтеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мүшелерінің жалпы жиналысында хабарланды. 

Суперкубок сарапқа салынатын маусымашар ойында 2017 жылғы маусымда ел чемпионы атанған "Астана" мен ҚР Кубогын жеңіп алған Алматының "Қайраты" кездеседі.

Өткен жылғы ойында "Қайрат" "Астананы" 2:0 есебімен ұтып, Суперкубокты иеленген еді.

"Астана" мен "Қайрат" Суперкубок ойынында төртінші рет қатарынан кездеспек. 2015 жылы ойын соңындағы пенальти сериясында елордалық команда жеңіске жетсе, 2016 жылы дәл осындай ойын соңындағы пенальтиде алматылық команданың асығы алшысынан түсті. Өткен жылы бұл маусымашар ойын Алматыда өтіп, "Қайрат" 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Қазақстан Суперкубогын жеңіп алған клубтар:

1. "Ақтөбе" – 3 рет (2008, 2010, 2014)
2-3. "Астана" – 2 (2011, 2015)
2-3. "Қайрат" – 2 (2016, 2017)

4-6. "Шахтер" – 1 (2013)
4-6. "Ордабасы" – 1 (2012)
4-6. "Елім-ай" – 1 (1995)

* 1996-2007 жылдар аралығында және 2009 жылы Суперкубок ойыны өткізілген жоқ. 

Ө. Сансызбай