Алматы УЕФА Суперкубогы ойынын өткізуге өтініш берді

 Алматы УЕФА Суперкубогы ойынын өткізуге өтініш берді
Фото: Денис Алексеев (Youtube)

Футболдан 2020 жылғы УЕФА Суперкубогы ойынын өткізуге 9 ел өтініш берді. Олардың қатарында Қазақстан да бар.

Қазақстандық мамандар бұл ойынды өткізуге Алматының Орталық стадионын ұсынып отыр. Сондай-ақ 2020 жылғы УЕФА Суперкубогын өткізуге үміткер стадиондар қатарында "Национальный" (Тирана, Албания), "Динамо" (Минск, Беларусь), "Самми Офер" (Израиль, Хайфа), "Зимбру" (Кишинев, Молдова), "Драгау" (Порту, Португалия), "Уиндзор Парк" (Белфаст, Северная Ирландия), "Олимпийский" (Хельсинки, Финляндия) және "Стад-де-Нис" (Ницца, Франция) бар. Қайда өтетіні мамыр айында белгілі болады.

2020 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі өтетін елдер Суперкубокты өткізу үшін таласа алмайды.

Айта кетейік, 2012 жылдан бастап УЕФА Суперкубогы ойыны әр қалада өткізіліп келеді. Биыл бұл ойын эстония елінің астанасы Таллинде өтеді. Ал 2019 жылғы ойынды өткізу құқығын Стамбул (Түркия) жеңіп алған еді.

Футболдан УЕФА Суперкубогы бір ғана ойыннан тұратын мәртебелі жүлде. Бұл ойында соңғы маусымда Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасын ұтқан екі команда кездеседі.

Ө. Сансызбай