"Барыс" шабуылшысы Канада құрамасы сапында Олимпиадаға қатысады

"Барыс" шабуылшысы Канада құрамасы сапында Олимпиадаға қатысады
Фото: sport.business-gazeta.ru

"Барыс" хоккей клубының шабуылшысы Линден Вей Пхенчханда өтетін Олимпиада ойындарына қатысатын Канада құрамасының тізіміне ілінді. Бұл туралы Vesti.kz сайты хабарлады.

Хоккейші осы маусымда 50 ойында 52 ұпай (17+35) жинады. Канада құрамасы сапында Еуротурдың екі кезеңіне (Финляндия, Ресей) қатысты.

Канада құрамасының тізіміне "Медвешчак" (Хорватия) клубының қақпашысы Кевин Пулен де енді. Ол өткен маусымда "Барыста" ойнаған хоккейшілердің бірі.

Қазіргі таңда Канада құрамасын Уилли Дежарден жаттықтырады. Ол бұл қызметке шілде айында келген болатын. Ал үйеңкі жапырақты елдің құрамасы соңғы екі Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанды.

Канада құрамасының құрамы:

Қақпашылар: Джастин Питерс ("Кельн", Германия), Бен Скривенс ("Салават Юлаев", ҚХЛ), Кевин Пулен ("Медвешчак", Австрия чемпионаты).

Қорғаушылар: Стефан Эллиотт (ХВ-71, Швеция), Чей Геноуэй ("Лада", ҚХЛ), Коди Голубеф ("Стоктон Хит", АХЛ), Марк-Андре Граньяни ("Динамо" Минск, ҚХЛ), Крис Ли ("Металлург" Магнитогорск, ҚХЛ), Максим Норо ("Берн", Швейцария), Мэт Робинсон (ЦСКА, ҚХЛ), Карл Столлери ("Динамо" Рига, ҚХЛ).

Шабуылшылар: Рене Бурк ("Юргорден", Швеция), Жильбер Брюле ("Куньлунь", ҚХЛ), Эндрю Эббетт ("Берн", Швейцария), Куинтон Хауден ("Динамо" Минск, ҚХЛ), Крис Келли, Роб Клинкхаммер ("Ақ Барс", ҚХЛ), Брэндон Козун ("Локомотив", ҚХЛ), Максим Лапьер ("Лугано", Швейцария), Эрик О’Делл ("Сочи", ҚХЛ), Мэйсон Рэймонд ("Берн", Швейцария), Дерек Рой ("Линчепинг", Швеция), Кристиан Томас ("Уилкс-Бэрри", АХЛ), Линден Вей ("Барыс", ҚХЛ), Войтек Вольски ("Металлург" Магнитогорск, ҚХЛ).

АҚШ пен Канада елінің командалары бақ сынайтын әлемдегі ең танымал кәсіби Ұлттық хоккей лигасы (NHL) 2018 жылы Пхенчханда өтетін қысқы олимпиада ойындарына қатысты өз күнтізбесін өзгерткен жоқ. Нәтижесінде бұл лигада ойнайтын хоккейшілер Олимпиадаға қатыспайды. Есесіне Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) мен өзге де біріншіліктерде бақ сынайтын хоккейшілерге жол ашылып отыр.

ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарындағы хоккей жарысы 14-25 ақпан аралығында өтеді. Канаданың топтағы қарсыластары Чехия, Швейцария және Оңтүстік Корея құрамалары.

Ө. Сансызбай