"Барыс" бесінші ойын қатарынан ұтылды

"Барыс" бесінші ойын қатарынан ұтылды
Фото: Барыс ХК

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын "Барыс" бесінші ойын қатарынан жеңіске жете алмай келеді. Бүгін елордалық команда өз мұз айдынында "Сочиден" ұтылды.

Ойында қонақтар 3:2 есебімен жеңіске жетті. 2017 жылдың соңғы ойынында да Евгений Корешков шәкірттері ұпайсыз қалды.

"Барыс" командасының қақпасында Сергей Кудрявцев тұрды. Осыған дейін негізгі қақпашы болып келген швед Хенрик Карлссон өткен турда төрешіге дөрекі сөздер айтып, мінез танытқаны үшін үш ойынға шеттетілген болатын. Сондай-ақ бүгінгі ойынға Дамир Рыспаев қатысты.

Бірінші кезеңде командалар шайба соққан жоқ. 32 минутта елордалық команданың қорғаушысы Валерий Орехов командасын алға шығарды. Алайда екінші кезең аяқталар тұста Эрик О’Делл ойыншы басымдығы кезінде есепті теңестіріп кетті.

44 минутта "Сочи" командасы есепте алға шықты. Павел Падакин шайба соғып, командасын қуантты. Араға 7 минут сала Линден Вей есепті теңестірді. Ойынның аяқталуына 36 секунд қалғанда қонақтар кезекті рет ойыншы басымдығын ұтымды пайдаланып кетті. Бұл жолы Кейси Уэллман шайба соқты. Төрешілер "Сочи" командасының нәтижесін бірден есепке алған жоқ. Шайба соғылған сәтті видеоқайталаудан қайта қарап, шайбаны есепке алды. Нәтижесінде қонақтар жеңіске жетті.

Айта кетейік, бүгінгі ойынға да команда капитаны Найджел Доус қатыса алған жоқ. Шабуылшы жарақатына байланысты команданың соңғы алты ойынына шыққан жоқ.

Елордалық команда келесі ойынын 3 қаңтар күні Астанада "Юграға" қарсы өткізеді.

"Барыс" — "Сочи" 2:3 (0:0, 1:1, 1:2)

Шайба соққандар:

1:0 — 31:35 Орехов (Кучин, Маркелов). Тең құрамда

1:1 — 39:02 О Делл (Йокипакка). Ойыншы басымдығында

1:2 — 43:37 Падакин. Тең құрамда

2:2 — 50:22 Вей (Даллмэн, Райт). Тең құрамда

2:3 — 59:24 Уэллмэн. Ойыншы басымдығында

"Барыс": Кудрявцев — Савченко, Семёнов, Полохов, Рыспаев, Даллмэн, Диц, Липин, Орехов, Маклюков — Евдокимов, Райт, Вей, Савенков, Акользин, Старченко, Маркелов, Фрэттин, Кучин, Пушкарёв, Шевченко;

"Сочи": Шикин — Полашек, Чмыхов, Йокипакка, Лисов, Мамкин, Хомицкий, Щитов — Уэллмэн, Старков, Падакин, Хлопотов, Точицкий, О Делл, Лугин, Ларичев, Лапенков, Цветков, Иванов, Коллинз, Шмелёв.

Айып уақыты: 8:8 (4:2, 2:4, 2:2)

Төрешілер: Александр Соин, Виктор Бирин

29 желтоқсан. Астана. "Барыс Арена". 5557 көрермен.   

Ө. Сансызбай