Қазақстандық регбиші қыздар Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық регбиші қыздар Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды
Фото ©️ Vesti.kz

Екі күнге созылған Дубайдағы (БАӘ) Азия чемпионатында 17 жасқа дейінгі қазақстандық регбиші қыздар қола жүлде жеңіп алды.

БӨЛІСУ

Бұл чемпионатқа 12 елдің регбиші қыздары қатысты. Тарқатып айтсақ, БАӘ, Жапония, Үндістан, Иран, Шри-Ланко, Гонконг, Қытай, Тайланд, Филиппин, Лаос, Малайзия және Қазақстан құрамалары.

Қазақстан құрамасының ойыншыларының барлығы Алматы облысы Талдықорған қаласындағы №1 Жастар мен жасөспірімдерге арналған арнайы олимпиадалық мектебінің түлектері.

Команда сапында Екатерина Каменкова (команда капитаны), Влада Однолеток, Ольга Носовская, Виктория Михайленко, Василиса Якимчук, Русалина Федорова, Анастасия Червякова, Наргиза Бекежанова, Жанэля Нурсиланова, Карина Штырова, Вера Бойченко, Мария Коршикова секілді регбишілер ойнады.

Жаттықтыршылар да түгелімен талдықорғандық мамандар. Олар - Динара Омарбаева (команданың негізгі жаттықтырушы), Махаббат Туғамбекова, Ольга Ким және Олеся Теряева (жаттықтырушылар).

Азия чемпионатының финалдық кезеңінде біздің бұрымдылар Иран құрамасымен кездесіп, 39:0 есебімен жеңіске жетті. Екінші кездесуін БАӘ командасына қарсы ойнап, 46:0 есебімен үстем түсті.

Екінші ойын күнінде, яғни ширек финалда қазақстандық регбиші қыздар Тайландтан келген замандастарын 14:2 есебімен ұтты.

Жартылай финалда Жапония құрамасымен кездесіп, 5:22 есебімен жеңіліс тапты. Осылайша Қазақстан құрамасы үшінші орынға таласуға мүмкіндік алды. Бұл ойында қазақстандық регбиші қыздар Үндістан құрамасымен кездесіп, 24:5 есебімен жеңіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.