Қазақстандық волейболшы қыздардың әлем чемпионатындағы қарсыластары анықталды

Қазақстандық волейболшы қыздардың әлем чемпионатындағы қарсыластары анықталды
Фото: Volley.kz

Жапония елінің астанасы Токиода волейболдан қыздар арасындағы 2018 жылғы әлем чемпионатының жеребесі тартылды. Финалдық кезеңге шыққан 24 құраманың қатарында Қазақстан қыздар құрамасы да бар.

Әлем чемпионатының бірінші топтық кезеңінде командалар 6 құрамадан 4 топқа бөлінді. Ойындар қорытындысы бойынша топта 4 команда екінші кезеңге шығады.

Вячеслав Шапран жаттықтыратын Қазақстан құрамасы D тобына түсті. Сербия, Бразилия, Доминикан Республикасы, Пуэрто-Рико және Кения құрамаларымен ойнайды. Бұл топтағы ойындар Хамамацу қаласында өтеді. Сондай-ақ Токио, Кобе, Нагоя, Осака, Саппоро және Иокогама қалалары да әлем чемпионатының ойындарын қабылдайды.

Айта кетейік, волейболдан қыздар арасындағы әлем чемпионаты 2018 жылдың 29 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында өтеді. Қазақстан қыздар құрамасы бұл доданың финалдық кезеңінде төртінші рет қатарынан бақ сынайды. Алғашқы ойынын 29 қыркүйек күні Кения құрамасына қарсы өткізеді.

"А" тобы: Аргентина, Камерун, Германия, Жапония, Мексика, Нидерланд
"В" тобы: Болгария, Канада, Қытай, Куба, Италия, Түркия
"С" тобы: Әзірбайжан, Ресей, Оңтүстік Корея, Тайланд, Тринидад және Тобаго, АҚШ
"D" 
тобы: Қазақстан, Кения, Бразилия, Сербия, Доминикан Республикасы, Пуэрто-Рико

Ө. Сансызбай