"Жылдың ұлттық спорттық жүлдесі" табысталды

"Жылдың ұлттық спорттық жүлдесі" табысталды
Фото: olympic.kz

2017 жыл - қазақ спорты үшін сәтсіз өтті деп айта алмаймыз. Тарихи жеңістер мен жаңарған рекордтардың да куәгері болдық. Ел үміт күткен спортшылардың да жеңіс тұғырынан көріне алмаған сәттері болды. Әрине, спорттың аты – спорт. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Есесіне ойда-жоқта жарқ етіп шығып, тосын сый жасаған спортшылар да жоқ емес, баршылық.

"Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы аясында жетістікке жеткен спортшыларымыз бен командаларды қолдау қашан да маңызды. Отандық спорттың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өңірлік спорт қоғамдастықтарын қолдау, жалпыұлттық спорт брендтерін қалыптастыру – осы жобаның бір мақсаты да. Осы бағытты бетке алған Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті осы жылы да "Жылдың ұлттық спорттық жүлдесі" байқауының үздіктерін марапаттады.

«Жылдың Ұлттық спорттық жүлдесі» байқауы Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Биыл байқау жаңа телевизиялық форматта өтті. Жанкүйерлер өздері номинацияларға қатысып жатқандар дауыстарын берді. Дауыс беру ҚР ҰОК ресми сайтында қарашаның 28-не дейін жалғасты. Жүлденің әрбір номинациясында ұсынылған үміткерлер туралы, олардың үстіміздегі жылдағы жетістіктері туралы толық мәлімет беретін арнайы күнделіктер «Хабар» арнасында эфирге шығып отырды.

«Жазғы спорт түрлері үздік спортшы» номиниациясында велоспорттан Азия чемпионы, "Dwars door Vlaanderen" біркүндік жарысының жүлдегері, Испания "Вуэльтасы" көпкүндігінің бесінші кезең жеңімпазы, биылғы "Алматы Турында" алдына жан салмаған Алексей Луценко үздік атанды.

«Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы» жүлдесі фристайл-акробатикадан Алматыдағы Универисаданың жеңімпазы әрі жүлдегері Жанбота Алдабергеноваға бұйырды.

«Үздік жас спортшы» номинациясында Саппородағы Азия ойындарының жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева жеңіске жетті. Ол мәнерлеп сырғанаудан 2018 жылы Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында зор үміт күттіретін спортшыларымыздың бірі. Саппородан өзге Элизабет бірнеше халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінді.

«Жазғы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» номинациясында бокстан ҚР ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов жеңіске жетсе, «Қысқы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» марапаты шорт-тректен ұлттық команданың бас жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбековке табысталды.

Триатлон федерациясы «Олимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік федерация» номинациясын жеңіп алды. «Үздік спорттық өңір» аталымында Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы үздік шықты.

«Жыл жаңалығы» номинациясына Шанхайдағы Әлем Кубогының бірінші кезеңінде жеңіске жеткен садақ атудан ҚР ерлер құрамасы лайық деп танылды. Олардың бұл жеңісі – садақ атудан қазақ спорты тарихындағы тарихи жетістік.

Биыл УЕФА Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шыққан «Астана» футбол клубы «Үздік команда» номинациясында жеңіске жетті. Топта бірінші не екінші орын алып плей-офф кезеңіне шығар болса, қазақ футболы тарихында тағы бір тарихи жетістік болары сөзсіз.

2018 жыл да қазақ спортшылары үшін табысты жыл болсын деп тілейміз. Халықаралық ареналарда қазақ елінің Әнұраны шарықтап, көк туымыз желбіреген сәттердің куәгері бола берейік.

Ө. Сансызбай