Хоккейден Қазақстан жастары әлем чемпионатын жеңіспен бастады

Хоккейден Қазақстан жастары әлем чемпионатын жеңіспен бастады
Фото: vesti.kz

Хоккейден 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады. Отандастарымыз "А" дивизионындағы алғашқы ойында Германия жастарын ұтты.

Ойынның бірінші кезеңінде командалар шайба соға алған жоқ. Екінші кезеңде немістер бірінші болып шайба соғып, есепте алға шықты. Үшінші кезеңде Қазақстан жастар құрамасы есепті теңестіріп қана қоймай, бір шайба басымдығымен алға шыққан. Ойынның аяқталуына бірер минут қалғанда Германия жастары таразы басын теңестіріп кетті. Нәтижесінде командалар негізгі уақытта 2:2 есебімен тең ойнап, овертаймда Артур Гатиятовтың соққан шайбасы Қазақстан жастар құрамасына жеңіс сыйлады.

Ертең Қазақстан жастар құрамасы Латвиямен ойын өткізеді. Ойын Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.

Айта кетейік, әлем чемпионатының "А" дивизионындағы ойындар Францияның Куршевель қаласында өтуде. Оған Қазақстаннан бөлек Франция, Германия, Латвия, Венгрия мен Австрия құрамалары қатысуда.

"А" дивизионы элиталық дивизионнан кейінгі орында. Оған шығу үшін топта бірінші орын алу керек. Соңғы рет қазақстандық жас хоккейшілер элиталық дивизионда 2009 жылы ойнаған.

Қазақстан-U20 - Германия-U20 3:2 ОТ (0:0, 0:1, 2:1, 1:0)

0:1 – 20:58 Чарли Янке (Бокк)
1:1 – 42:43 Самат Данияр (Орехов) 
2:1 – 45:11 Самат Данияр (Бекетаев) 
2:2 – 58:43 Леон Гаванке (Вальтер)
3:2 – 63:57 Артур Гатиятов (Орехов)

Ө. Сансызбай