Головкин мен Альварес қарымта жекпе-жек өткізу туралы келісімге келді

Головкин мен Альварес қарымта жекпе-жек өткізу туралы келісімге келді
Фото: nytimes.com

Орта салмақта  WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварестің командасы боксшылардың екінші жекпе-жегін өткізу жайында келісімге келіп, өтетін уақытын мақұлдады. Бұл жайында Fox Deportes басылымы хабарлады.

Басылым ақпараты бойынша қос боксшы арасындағы екінші кездесу мамыр айының басында өтеді. Осыған дейін айтылғандай, 5 мамыр күнгі Мексиканың ұлттық мерекесі Синко де Майомен тұспа-тұс келетін секілді.

"Канелоның" командасы жекпе-жек келісіміне қол қойса, ресми түрде хабарланатын болады. Ал бұл бокс кешінің қайда өтетіні әзірге белгісіз. Қос боксшының шаршы алаңдағы текетіресін Далластағы  "AT&T Stadium", Нью-Йорктегі "Madison Square Garden", Лас-Вегастағы "T-Mobile Arena" спорт кешендері қабылдауға ниетті. Ал Геннадий Головкин бір сөзінде Сауль Альвареспен Мексика жерінде де жұдырықтасуға дайын екенін айтқан еді.

Айта кетейік, қос боксшы арасындағы бірінші жекпе-жек 16 қыркүйек күні Лас-Вегаста өтіп, тең нәтиже тіркелген еді.

Ө. Сансызбай