"Астана" велокомандасы 8 желтоқсанда жаңа құрамын таныстырады

"Астана" велокомандасы 8 желтоқсанда жаңа құрамын таныстырады
Фото: Vesti.kz

2017 жылдың 8 желтоқсанында "Астана" кәсіпқой велокомандасының таныстырылымы өтеді. Барлық спортшы, сондай-ақ клуб басшылығы елордада команданың алдағы спорт маусымына шығатын құрамын таныстыру үшін жиналады.

Таныстырылым барысында дәстүрлі түрде "Астана" велокомандасы спортшыларының қатысуымен бірнеше шара ұйымдастырылады.

Бірінші кезекте велошабандоздар "MegaSilkWay" сауда және ойын-сауық орталығында жанкүйерлерімен кездесу өткізеді. Шара еркін форматта өтеді. Велокоманда жанкүйерлерінің арасында "Астана" спортшыларымен бірге конкурс ұйымдастырылады. Спортшылар жанкүйерлерге қолтаңба береді.

Жанкүйерлермен кездесу аяқталғаннан кейін велокоманда спортшылары ізбасарлары – спорт мектебінің оқушыларымен түскі ас ішеді. Оқушылар "Астана" велошабандоздарымен еркін әңгіме-дүкен құрып, көкейінде жүрген сұрақтарын қоя алады.

Сонымен қатар, "Астана" спорт брендінің бірыңғай жайғасып, дами түсуі үшін, сондай-ақ, фанаттар мен жанкүйерлердің басын қосу мақсатында таныстырылым күні "Астана" велошабандоздары мен осы аттас баскетбол клубының спортшыларының жанкүйерлермен біріккен кездесуі өтеді. Шараға барлық үш топ қатысады – велошабандоздар, баскетболшылар және олардың фанаттары. Олар бір ойын-сауық жарыс бағдарламасына қатыстырылады.

Осы аталған шаралар аяқталғаннан кейін таныстырылымның негізгі әрі ең маңызды бөлігі – велокоманданың кешкі салтанатты таныстырылымы өтеді. Шараның салтанатты бөлігінде "Астана" кәсіпқой командасының жаңа құрамы таныстырылады. Дәстүр бойынша, "Астана" велокомандасының таныстырылымын "Еуроспорттың" "алтын дауысы" Сергей Курдюков жүргізеді.

Айта кетейік, "Астана" Президенттік клубы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Бүгінде "Астана" ұлттық брендін халықаралық спорт аренасында танытып жүр. "Астана" брендінің аясында қазақстандық үздік спорт жобалары іске асырылып жатыр – "Астана" кәсіпқой велокомандасы, "Астана" футбол клубы, "Барыс" хоккей клубы, "Астана" баскетбол клубы, ралли-рейдтен "Астана" командасы және "Астана Арланс" бокс клубы. Ал "Астана" велокомандасы әлемдік кәсіби велоспорт командаларының тізіміне кіретін жалғыз қазақстандық велокоманда.

"Астана" әлем бойынша, оның ішінде Еуропа, Азия, Солтүстік Америка және Аустралияда Қазақстанның атынан шығып, жеңістерге жетіп жүр. Команданың қоржынында 248 жеңіс бар, оның 8-і Джиро ди Италия, Тур де Франс, Испания Вуэльтасы сияқты үш гранд-турдағы жеңіс. Құрылғанына 11 жыл болған командада әлемдегі ең абыройлы гранд-турларда жеңіске жеткен Александр Винокуров, Альберто Контадор, Лэнс Армстронг, Винченцо Нибали, Фабио Ару сынды велошабандоздар өнер көрсеткен.

Ө. Сансызбай