"Қайрат" УЕФА кубогының финалдық кезеңіне шыға алмады

"Қайрат" УЕФА кубогының финалдық кезеңіне шыға алмады
Фото: afckairat.kz

Алматының "Қайрат" футзал клубы УЕФА кубогының финалдық кезеңіне шыға алмады. Шешуші ойында Испанияның "Интер Мовистар" командасынан ұтылды.

"Қайрат" жарыс жолына шыққан элиталық кезеңнің топтағы ойындары Испанияның Торрехон-де-Ардос қаласында өтті. Топтағы бірінші ойында Румынияның "Дева" командасын 5:2 есебімен ұтса, екінші ойында Португалияның "Брага" клубынан 4:1 есебімен басым түсті. Ал шешуші ойында Испанияның "Интер Мовистар" командасына 5:3 есебімен есе жіберіп алды.

Қос команда арасындағы ойын финалға бергісіз кездесу болды. "Интер Мовистар" гол соқса, "Қайрат" бірден есепті теңестіріп, доп додасы әбден қызды. Екі команда да өте жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсетті.

Тең есеп өзгермей біраз тұрды. Ал "Қайратқа" тек жеңіс керек. Ойын қызып, дау-дамай көбейе түсті. Екінші таймның ортасына қарай "Қайраттың" қосалқы құрамы селдірей бастады. Әуелі клуб президенті Қайрат Оразбеков алаңнан қуылды. Одан кейін бас жаттықтырушы Какау да оның ізімен кетті. 34 минутта алматылық команданың қақпашысы Игита да екінші ескертуін алып, ойыннан шеттетілді. Одан кейінгі уақытта испандық ұжым ойыншы басымдығын ұтымды пайдаланып кетті. Гадейя екі гол соғып, командасына жеңіс сыйлады.

Топта 9 ұпай жинаған "Интер Мовистар" бірінші орын алып, "Төрттік финалына" шықты. Команда УЕФА кубогы чемпиондық атағын қорғайтын болады. Сондай-ақ "Интер Мовистардан" өзге "Төрттік финалына" Испанияның "Барселона", Португалияның "Лиссабон" және Венгрияның "Дьер" командалары шықты.

Төрттік финалы 2018 жылдың сәуір айында өтеді. Жолдама алған төрт команданың бірі жарысты өз жерінде ұйымдастыратын болады.

Айта кетейік, өткен жылы бұл жарыс Алматыда өтіп, "Қайрат" қола жүлдегер атанған болатын.

"Интер" (Испания) – "Қайрат" (Қазақстан) – 5:3

Голдар: Ортис, 01:35. (1:0). Алешандре, 03:28 (1:1). Элисандро, 05:06 (2:1). Лео, 07:07 (2:2). Рикардиньо, 15:45 (3:2). Лео, 20:28 (3:3). Гадейя, 33:51 (4:3). Гадейя, 38:42-онметрлік (5:3).

Ескертулер: Тайнан, 22. Игита, 23. Лео, 30. Дрот, 31. Дуглас, 32. Алешандре, 39 – Ортис, 11.

Алаңнан қуылды: Игита, 34.

"Қайрат": Игита, Дуду, Дуглас, Лео, Тайнан, Сүлейменов, Жаманқұлов, Есенаманов, Першин, Дрот, Тайеби, Эдуардо, Алешандре, Даниэль.

"Интер": Хесус Эрреро, Ортис, Рикардинью, Гадейя, Пола, Бебе, Даниэль, Солано, Бруно Таффи, Рафаэль, Элисандро, Сержиньо, Денис.

Төрешілер: Саша Томич (Хорватия), Ангело Галанте (Италия).  

27 қараша, Торрехон-де-Ардос, "Пабельон Хорхе Гарбахоса"

Ө. Сансызбай