Қуат Хамитов МакГрегордың отандасын ұпай айырмасымен жеңді

Қуат Хамитов МакГрегордың отандасын ұпай айырмасымен жеңді
Фото: vesti.kz

Қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Қуат "Найман" Хамитов Алматыдағы FIGHT NIGHTS GLOBAL 80 турнирінің басты кездесуінде ирландиялық Питер Куиллимен жолығып, төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті.

Алғашқы раундтарда "Найманның" басымдығы байқалса, кейінгі раундтарда ирландиялық спортшы белсенділік танытты. Жекпе-жек жоспарланған 5 раундқа созылып, қарсыластар бір-бірінің аңдысын таба алмады. Нәтижесінде екі төреші қазақстандық спортшыны жеңімпаз деп таныса, бір төрешінің есебі тең шықты.

Жекпе-жек соңынан Қуат Хамитов жанкүйерлерге өз алғысын білдірді. Ал Питер Куилли төрешілер шешімімен келіспейтінін айтып, «тең есеп тіркегенде әділетті болар еді» деп қысқа қайырды.

Өзге кездесулерде қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Георгий Кичигин FIGHT NIGHTS GLOBAL 80  турнирінде ресейлік Магомед Нуровпен жекпе-жекке шығып, өз чемпиондық атағын қорғап қалды. Қарсыласын төртінші раундта қолын қайыру әдісіне салып, жеңіп шықты.

Жалғас Жұмағұлов ұлыбританиялық Шадж Хэкті, Жұман Жұмабеков молдовалық Иван Андрущенконы төрешілер шешімі бойынша айқын жеңіп шықты.

Ө. Сансызбай