Қазақстан құрамасы Өзбекстанмен жолдастық кездесу өткізуі мүмкін

Қазақстан құрамасы Өзбекстанмен жолдастық кездесу өткізуі мүмкін
Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан құрамасы алдағы уақытта Өзбекстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізуі мүмкін, - деп хабарлайды Vesti.kz порталы. 

Қазіргі уақытта екі елдің федерациялары арасында келіссөздер жүріп жатыр. Егер екі тарап келісімге келсе, кездесу 2018 жылдың наурыз айында Ташкент қаласында өтеді. 

Айта кетейік, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін Қазақстан құрамасы соңғы орында аяқтаған еді. Ал Өзбекстан құрамасы болса қосымша жолдамаға таласуға қарға адым қалғанда сүрінді.

Жалпы Қазақстан құрамасы мен Өзбекстан құрамасы өзара осы уақытқа дейін алты кездесу өткізген. Бұл кездесулердің біреуінде ғана Қазақстан құрамасы үстем болса, екі рет Өзбекстан құрамасы жеңіске жеткен. Тағы үш кездесу тең аяқталған. 

Соңғы рет Қазақстан мен Өзбекстан құрамасы 2007 жылы "Алма-ТВ кубогы" бәсекесінде Шымкентте кездесіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан еді. 

Қазақстан құрамасы 2018 жылдың қыркүйек айына дейін ресми кездесулер өткізбейді. Соңғы сұқбаттарының бірінде Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Бородюк бұл аралықта біздің құрама төрт жолдастық кездесу өткізетінін айтқан еді. 

Ө. Сансызбай