Golden Boy Сауль "Канело" Альварестің келесі кездесуі қашан өтетінін жариялады

Golden Boy Сауль "Канело" Альварестің келесі кездесуі қашан өтетінін жариялады
Фото: radiovisa | radio

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (370-1, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварестің (49-1-2, 34 КО) командалары екінші кездесуді ұйымдастыру туралы келіссздерді жалғастыруда. Вoxingscene.com порталының мәліметі бойынша, егер екі тарап келісімге келетін болса, жекпе-жек келер жылдың 5 мамырында өтеді. 

- "Канелоның" келесі кездесуі 2018 жылы 5-мамырда сенбі күніне тура келетін Синко де Майо мерекесінде өтеді. Біз Альварестің Головкинмен екінші кездесуін наурыз айында өткізгіміз келген. Сонымен қатар біздің басқа да жоспарларымыз болған. Бірақ "Канело" тек қана Синко де Майо мерекесінде өткізу керек екенін айтты", - дейді Golden Boy промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес. 

Синко де Майо – 5 мамыр күні тойланатын Мексика халқының ұлттық мерекесі. 1862 жылдың осы күні Мексика әскері Пуэбла қаласында француз әскерін жеңген. Бұл күні Мексикада түрлі фестивальдар мен карнавалдар ұйымдастырылады. Кей өңірлерінде бір аптаға дейін тойланады.

Бұл екі боксшы арасындағы екінші кездесу Лас-Вегаста өтуі әбден мүмкін. Бірақ жекпе-жекті қабылдауға Даллас пен Нью-Йорк қалалары да үмітті. 

Еске салайық, "Канело" мен Головкин арасындағы бірінші кездесу 16 қыркүйек күні Лас-Вегаста өтіп, 12 раундтың қорытындысы бойынша тең нәтиже тіркелген еді. Осылайша Головкин өзіне тиесілі орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF белбеулерін сақтап қалды. 

Ө. Сансызбай