"Ақжайық" премьер-лигадағы орнын сақтап қалды

О Сансызбай Корреспондент
"Ақжайық" премьер-лигадағы орнын сақтап қалды
Фото ©️ vk.com

Оралдың "Ақжайық" футбол клубы ел премьер-лигасындағы орнын сақтап қалды. Астанада өткен өтпелі ойында Жетісайдың "Мақтарал" командасын 2:1  есебімен ұтты.

БӨЛІСУ

Қос команда арасындағы ойын тартысты өтті. Бірінші лигада төртінші орын алған "Мақтарал" премьер-лигаға шығу мүмкіндігін жібергісі келмесе, "Ақжайық" "ойыншылары тәжірибесіне сенді.

Ойында бірінші болып Қуаныш Қарақұлов жаттықтыратын "Мақтарал" командасы есеп ашты. 35 минутта "Ақжайық" қақпашысы айып соққысынан асырылған допты қайтарып үлгергенмен, Самит Чулаговтың қайта тепкен добын қайтарып үлгермеді. Алайда бірінші таймға қосылған қосымша 1 минутта оралдық команда есепті теңестіріп кетті. Константин Дудченко гол соқты.

75 минутта жетісайлық команда ойыншылары өз айып алаңдарында ойын ережесін бұзып, бас төреші пенальти белгіледі. "Ақжайық" командасының шабуылшысы Константин Дудченко бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Қақпашы Алмаз Хамытбеков допты қайтара білді.

86 минутта Константин Дудченко Азат Ерсалимовтың әуелете асырған пасын қақпаға тура бағыттап, "Ақжайыққа" жеңіс сыйлаған голды соқты. Бұл жолы Алмаз Хамытбеков допты қайтарып үлгермеді. Десе де "Мақтарал" қақпашысы ойында өзін тамаша қырымен танытты. Көп сәтте қырағылық танытып қақпасына гол соқтырған жоқ.

Айта кетейік, биылғы ел премьер-лигасының қорытындысы бойынша "Тараз" бен "Оқжетпес" (Көкшетау) бірінші лигаға түсті. Ал жаңа маусымда премьер-лигада "Жетісу" (Талдықорған) мен "Қызылжар" (Петропавл) ойнайды.