"БИІК-Қазығұрт" Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпаздарынан ойсырай ұтылды

"БИІК-Қазығұрт" Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпаздарынан ойсырай ұтылды
Фото: Ордабасы ФК (vk.com)

Қазақстан чемпионы "БИІК-Қазығұрт" футбол клубы әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының 1/8-финалында Францияның "Лион" командасынан ойсырай ұтылды. Шымкентте өткен бірінші ойында қонақтар 7:0 есебімен жеңіске жетті.

"Лион" командасы ойындағы алғашқы голын 6 минутта-ақ соғып үлгерді. Ада Хегерберг командасын алға шығарды. 19 минутта Ада пенальти орындап, дубль жасады. Бірінші тайм аяқталар тұста Камиль Абили шымкенттік команда қақпасына үшінші голды соғып кетті.

Екінші таймда "Лион" командасы "БИІК-Қазығұрт" қақпасына тағы 4 гол соқты. Ада Хегерберг ойында соққан голдарын төртеуге жеткізіп, покер жасады. Амели Мажири мен Эжени Ле Соме бір-бір голдан соқты.

Қос команда арасындағы қарымта ойын 15 қараша күні өтеді.

"Лион" – Францияның 15 дүркін чемпионы. Өз елінің кубогын 9 рет жеңіп алған. УЕФА Чемпиондар лигасында төрт рет топ жарған. Соңғы рет осы жарысты ұтқан да – "Лион".

Айта кетейік, өткен маусымда шымкенттік команда алғаш рет 1/8 финалға дейін жеткен еді.

"БИІК-Қазығұрт" (Шымкент, Қазақстан) — "Лион" (Лион, Франция) 0:7 (0:3)
Голдар: Хегерберг 6 (0:1), Хегерберг пенальтиден 19 (0:2), Абили 44 (0:3), Мажри 48 (0:4), Хегерберг 73 (0:5), Ле Сомме 75 (0:6), Хегерберг 90 (0:7)
Ескерту: Адуле 70
"БИІК-Қазығұрт": Гребенюк, Мессомо (Даннигэн 82), Габелия, Нганди, Машкова, Мясникова, Ихезуо (Бортникова 85), Адуле (Бабшук 77), Киргизбаева, Кравец, Корт 
"Лион": Буадди, Ренар, Баша (Каскарино 61), Кумагаи (Амрауи 64), Мажри, Ле Сомме, Марожан, Хегерберг, Бьюкенен, Бронз, Абили (Маляр 77) 
Бас төреші: София Карагиорги (Кипр)
8 қараша. Шымкент. "Намыс". 

Ө. Сансызбай