Жастардың рухын көтерген жарқын жүздесу

Жастардың рухын көтерген жарқын жүздесу
Фото: Нұртуған Бекмұрат

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл мырза Алматы облысы, Іле ауданы, М.Түймебаев ауылының жас спортшыларымен кездесті.

Шараға "Сағадат сардар" жаттығу залында тәлім алып, джиу-джитсу, грепплинг, аралас жекпе-жек спорт түрлерінен Әлем, Азия және халықаралық жарыстың чемпиондары атанып жүрген 30-ға жуық жасөспірім қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, аралас жекпе-жектен Азия чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров М.Түймебаев ауылында "Халық Қаһарманы", Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арнап "Сағадат сардар" спорт клубын ашқан болатын. Бүгінде бұл клубта жаттығатын жасөспірімдер саны 80-нен асты.

Кездесу барысында Бақытбек Смағұл мырза елі үшін аянбай ерлік еткен ұлт мақтаныштары Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов туралы жастарға рух беретін келелі ойларын айтты. Сондай-ақ, өз өлеңдерін оқып, жиылған балалардың рухын бір көтеріп тастады. Ауыл спортын дамыту жолында ерінбей еңбек етіп, қазақ балаларын әлем ареналарына шығарып, биік тұғырдан көрінуіне сүбелі үлес қосып жүрген Нұрсұлтан Орынбасаровқа Бақытбек Смағұл өз кітаптарын сыйға тартты. Нұрсұлтан Орынбасаров та өз кезегінде сыйлы қонаққа ата салты бойынша шапан жауып, ризашылығын білдірді.

- Спортшыларымыз әлем ареналарында ел намысын қорғап, чемпион атануы үшін, рухы биік, патриот болуы керек. Жас өркеннің бойына мұндай қасиеттерді қалыптастыру үшін осындай ағаларымызбен жиі кездесулер өткізіп тұруымыз шарт, - дейді Нұрсұлтан Орынбасаров.

Сонымен қатар Іле ауданының мәслихат депутаты Дауталиев Ғани Сауытбекұлы, Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Мейірманов Ерлан Сайранұлы, Іле ауданының дене шынықтыру жане спорт бөлімінің басшысы Ортыбаев Қайрат Əуелханұлы, Іле ауданының дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің бас маманы Қабдікəрімов Жəнібек Болатханұлы сынды ауыл спортының дамуына үлкен үлес қосып жүрген азаматтар да шараға келіп қатысты.

Бақытбек Смағұл мырза спортшыларға үнемі қолдау көрсетіп жүрген жанашыр тұлғалардын бірі. Сөзімізді ол кісінің атқарып жүрген қызметтері дәйектеп тұрғандай. Бақытбек мырза бүгінде РҚБ "Әмбебап жекпе-жек федерациясының" президенті, "Қазақстан Республикасының әскери-патриоттық спорттық клубтар федерациясының" төрағасы қызметтерін қатар атқарып жүр.

Ө. Сансызбай