Нью-Йорк марафонына Қазақстаннан бір спортшы қатысады

Нью-Йорк марафонына Қазақстаннан бір спортшы қатысады
Фото: Раушан Найзабаева

АҚШ-тың алып қаласындағы марафонға әлемнің 124 елінен 50 мың спортшы қатысады. Марафоншылар қатарында "Болашақ" бағдарламасымен Нью-Йорк Университетінде білім алып жүрген Бақытгүл Журкабаева да бар. Ол Нью-Йорк марафонына Қазақстанның ресми өкілі ретінде қатысып отыр.

Нью-Йорк әкімшілігі ең алғашқы марафонды 1970 жылы ұйымдастырған. Осыдан 47 жыл бұрын 55 қатысушы финиш сызығын басып өткен болса, бүгінде бұл көрсеткіш 51 394 еріктіге (2016 жыл қатысушылар саны) жетіп отыр. 

Бақытгүл толық қашықтықтағы марафонға алғаш рет қатысып отырғанын айтады. "Келесі жылдың көктемінде менің АҚШ-тағы оқуым аяқталады. Сондықтан мұндай алып іс-шараға қатысып жатқаныма қуанамын. Ел абыройын сақтап, марафонды үздік нәтиже көрсетуге тырысамын",– дейді Бақытгүл Журкабаева. 

Бақытгүл марафонның ресми ашылу салтанатына қатысту сәтінен

Марафонға дайындық үдерісі 26 аптаны құрайды. Бақытгүл дайындығын соңғы күнге дейін шыңдағанын айтады.

Нью-Йорк қаласында ұйымдастырылатын марафонға қатысқысы келетіндер саны жыл сайын артып келеді. Ресми тіркелген марафоншылар саны белгіленген көлемге (мың) жеткеннен кейін тіркелу маусымы жабылады. Мысалы, биылғы марафонға тіркелу жыл басында жабылған. Сондықтан қатысуды ниет еткен азаматтар болса, келесі жылдың марафонына тіркеле берулеріне болады.

Ж. Өрісбай