Геннадий Головкин желтоқсанда жаттығуын бастайды

Геннадий Головкин желтоқсанда жаттығуын бастайды
Фото: Спорт XL

Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF белбеулерінің иегері қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) The Ring журналына берген сұқбатында жаттығу жұмыстарын қашан бастайтынын айтып берді.

Сұхбат әлі толық шыққан жоқ. Бірақ RingTV және UCNLive тілшісі Стив Ким өзінің твиттер парақшасында сұқбаттың кейбір бөлігін жариялады.

- Головкин бізге Big Bear жаттығу базасына желтоқсан айында оралып, бірнеше апта жаттығу жасайтынын айтты. Ол залда командасының қасында болуы керек екенін де тілге тиек етті, - деп жазды Ким твиттер парақшасында.

Сонымен қатар тілшінің айтуынша, Головкин жуық арада мансабын аяқтамай, жылына үш не төрт кездесу өткізгісі келеді екен.

Еске салайық, қазақстандық боксшы өзінің соңғы кездесуін 16 қыркүйек күні Лас-Вегас қаласында мексикалық Сауль "Канело" Альвареске (49-1-2, 34 КО) қарсы өткізді. 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілер тең нәтижені тіркеді. Осылайша қазақстандық боксшы өзіне тиесілі барлық белбеулерін сақтап қалды. Ал олардың екінші кездесуі 2018 жылдың 5 мамырында өтуі мүмкін.

Том Леффлердің айтуынша, егер Головкин жыл соңына дейін "Канеломен" екінші кездесуді өткізуге келісе алмаса, онда GGG келесі жылдың ақпан немесе наурыз айында жекпе-жек өткізеді екен.

Ө. Сансызбай