Элизабет Тұрсынбаева Минскідегі халықаралық турнирде жеңімпаз атанды

О Сансызбай Корреспондент
Элизабет Тұрсынбаева Минскідегі халықаралық турнирде жеңімпаз атанды
Фото ©️ instagram.com, zimbio.com

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Беларусь елінің астанасы Минскіде өткен "Ice Star" халықаралық турнирінде жеңімпаз атанды.

БӨЛІСУ

12 елден 20 спортшы қатысқан жарыста Элизабет ел абыройын асырды. Қысқа бағдарламада - 60,75 ұпай, еркін бағдарламада 126,95 ұпай жинады. Қос бағдарлама қорытындысы бойынша (187,57 ұпай) үздік шықты.

Екінші орынға ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Серафима Саханович ие болды. Ол қос бағдарлама нәтижесі бойынша 174,49 ұпай жинады. Үшінші орынға оңтүстік кореялық Со Хьюн Ан (169,22 ұпай) ие болды.

Айта кетейік, Элизабет Тұрсынбаева таяуда ғана Мәскеуде өткен Rostelecomcup 2017 Гран-При турниріне қатысқан болатын. Әлемнің кіл мықты спортшылары бақ сынаған жарыста отандасымыз 8-орын алған еді. Ресейлік Евгения Медведева алтын алса, кейінгі екі орынға Каролина Костнер (Италия) мен Вакаба Хигучи (Жапония) ие болған-ды.

Элизабет бұл маусымдағы алғашқы жарысын Монреалдан (Канада) бастады. "Autumn Classic International" турнирінде қола медальға қол жеткізген еді. Қазіргі таңда Халықаралық конькишілер одағының (ISU) рейтингінде 8-орында келеді.  

Наурыз айында Элизабет Финляндия елінің астанасы Хельсинкиде өткен әлем чемпионатында 9-орын алып, Қазақстаннан 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына екі бірдей спортшы қатысуына мүмкіндік сыйлаған болатын. Осыған дейін еліміздің атынан төртжылдықтың басты додасына бірде-бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы ару қатыспаған. Пхенчханда екі бірдей мәнерлеп сырғанаушы аруымыз бақ сынайтын болады. 

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 17-19 қараша аралығында Францияда өтетін "Internationaux de France" Гран-Приі жарысына, содан кейін Қытайдың Шанхай қаласындағы халықаралық турнирге қатысады. 2018 жылдың қаңтар айында төрт құрлық чемпионатында өнер көрсетсе, ақпан айында Пхенчхан (Оңтүстік Корея) қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғайды.

 

Ice Star
Минск, Беларусь

 

1. Элизабет Турсынбаева (Қазақстан) – 187,57
2. Серафима Саханович (Ресей) – 174,49
3. Со Хьюн Ан (Оңтүстік Корея) – 169,22
4. Анастасия Грачева (Ресей) – 162,59
5. Николь Шотт (Германия) – 161,62