Неймар "Барселонадан" кеткеніне өкініп жүр – БАҚ

Неймар "Барселонадан" кеткеніне өкініп жүр – БАҚ
Фото: Goal.com

Жазғы ауысым кезінде "Барселонадан" Париждің ПСЖ командасына ауысқан бразилиялық футболшы Неймар жаңа командасына үйренісе алмай жүргенге ұқсайды. Бұл жайында "Mundo Deportivo" каталониялық "betevé" телеарнасындағы "La Porteria" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлаған.

Неймар команданың бас жаттықтырушысы Унай Эмеридің жұмысына көңілі толмайды екен. БАҚ мәліметі бойынша ол каталондық клубтан кеткеніне өкіне бастаған.

Бразилиялық футболшыны командаластары да жылы қарсы алған жоқ. Себебі ПСЖ ойыншыларына Неймардың командаға қойған талабы ұнамады. Мәселен бразилиялықтың жеке өзіне екі физиотерапевт маманы бөлінген. Команда ойыншыларына жаттығу кезінде Неймарға қарсы дөрекі ойнауға болмайтыны ескертілген. Ал футболшы командалық қорғаныс жаттығуына қатыспайды. Сондай-ақ маусым соңына дейін пенальти тебетін болады. Командаластары арасында ПСЖ клубының танымбелгісі жоқ сөмке ұстауға рұқсат берілген жалғыз ойыншы. Мұның барлығы ПСЖ командасы ойыншыларына ұнамаған.

Таяуда Неймар "Барселонада" болып, instagram желісінде бұрынғы командадағы серіктестері Лионель Месси мен Луис Суареспен түскен суретін жариялады. 

Ө. Сансызбай