"Астана" Шымкентте "Ордабасыдан" ұтылды

"Астана" Шымкентте "Ордабасыдан" ұтылды
Фото: Астана ФК

Футболдан ел премьер-лигасының ХХХІ турында "Астана" ұпай жоғалтты. Шымкентте өткен ойында "Ордабасы" елордалық команданы 2:1 есебімен ұтты.

37 минутта Еркебұлан Тұңғышбаев алаң иелерін алға шығарды. 60 минутта Джордже Деспотович таразы басын теңестірді. 71 минутта "Астана" сапынан Асхат Тағыберген екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Араға екі минут сала Абдуллай Диакате "Ордабасының" ойындағы екінші голын соқты. Нәтижесінде 2:1 есебі сақталып, алаң иелері жеңіске жетті.

"Астана" ХХХІ турда ұпайсыз қалғанмен, турнир кестесінде бірінші орында келеді. "Қайраттан" 1 ұпайы мен "Оқжетпеспен" өткізетін бір артық ойыны бар.

Бүгін өткен өзге ойындарда Қызылорданың "Қайсары" өз алаңында "Атырауды" 4:1 есебімен ұтты. Дәл осындай есеп айырмасымен Қостанайда "Тобыл" Көкшетаудың "Оқжетпесін" ұтты. 

Ө. Сансызбай