ӘЧ-2018. Еуропадағы қосымша жолдамалар жеребесі тартылды

ӘЧ-2018. Еуропадағы қосымша жолдамалар жеребесі тартылды
Фото: Eurosport

Футболдан 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңі жалғасуда. Бүгін Еуропадағы қосымша 4 жолдамаға таласатын құрамалардың жеребесі тартылды.

Швейцарияның Ньон қаласында өткен жеребе нәтижесі бойынша Италия – Швеция, Солтүстік Ирландия – Швейцария, Дания – Ирландия, Хорватия – Грекия құрамалары бір-біріне қарсылас атанды. Құрамалар арасындағы бірінші ойындар 9-11 қарашада, қарымта ойындар 12-14 қараша аралығында өтеді. Қос ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда әлем чемпионатына жолдама алады.

Айта кетейік, осыған дейін Ресей, Бельгия, Англия, Германия, Испания, Исландия, Польша, Сербия, Франция, Португалия, Бразилия, Уругвай, Аргентина, Колумбия, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Сауд Арабиясы, Коста-Рика, Мексика, Панама, Мысыр және Нигерия құрамалары жолдама алып үлгерген болатын. 

Исландия мен Панама құрамалары алғаш рет әлем чемпионатына қатысқалы отыр.

Ө. Сансызбай