Қазақстандық боксшы қыздар Азия чемпионатына дайындалуда

Қазақстандық боксшы қыздар Азия чемпионатына дайындалуда
Фото: Данияр Майлыбаев

Әйелдер арасында бокстан 2017 жылғы Азия чемпионаты Вьетнам елінің Хошимин қаласында өтеді. Жарыс 2-8 қараша аралығына жоспарланған.

Бұл күндері қазақстандық боксшы қыздар Астанада Азия чемпионатына дайындықтарын шыңдауда. Айдың соңына қарай Вьетнамға жол тартатын болады. Қазақстан құрамасы толық құрамда қатысатын болады.

- Польшадағы турнир функционалды дайындығымызды жетілдіру керек екенін көрсетті. Алматы облысындағы оқу-жаттығу кезінде осы жағынан көп дайындалдық. Бәріміз бірлесе жаңа техника-тактикалық жұдырықтасу мәнерін жетілдірдік. Бұл біздің боксшы қыздарды тағы бір жаңа деңгейге көтерді деп ойлаймын, - деді бас жаттықтырушы Вадим Пресяжнюк.

Хошиминдегі Азия чемпионатына 22 елден 118 спортшы қатысады деп күтілуде. Камбоджа, Лаос, Мьянма, Сингапур елдерінің боксшы қыздар алғаш рет келмек. Жалпы бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының деңгей өсіп келеді. 2008 жылы Үндістандағы жарысқа 79 спортшы, 2010 жылы Қазақстанда өткен біріншілікте 16 елден 84 боксшы, 2012 жылы Моңғолияда 17 елден 82 спортшы, ал 2015 жылы Қытайда Азия чемпионатына 16 елден 96 спортшы қатысқан.

Ө. Сансызбай