"Миландық дербиде" "Интер" жеңіске жетті

О Сансызбай Корреспондент
"Миландық дербиде" "Интер" жеңіске жетті
Фото ©️ speemedia.com

Футболдан Италия чемпионатының VIII турында "Интер" мен "Милан" кездесті. Тартысқа толы өткен миландық дербиде Интер 3:2 есебімен жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Ойында "Интер" сапынан Мауро Иварди (28, 63, 90 минуттарда (пенальти)) үш гол соғып, хет-трик орындады. Ал "Милан" командасы қатарынан Сусо (56 минут) мен Джакомо Бонавентура (81 минут) бір-бір голдан соқты.

22 ұпай жинаған "Интер" турнир кестесінде екінші орынға шықты. 2 ұпайы артық "Наполи" көш басында келеді. "Милан" болса 12 ұпаймен 10-орында тұр.

"Интер" мен "Милан" арасындағы бұл кездесу Италия футболы тарихындағы ең табысты ойын ретінде рекорд жаңартты. Билет сатылымынан түскен қаржы 4,8 миллион еуроны құраған. Осыған дейінгі рекорд та "Интерге" тиесілі болатын. 2016 жылы "Ювентуске" қарсы ойында билет сатылымынан 3,9 миллион еуро табыс түскен болатын.

Айта кетейік, Милан қаласының атынан өнер көрсететін "Милан" және "Интер" клубтарының арасындағы текетірес қашан да жоғары.

Екі клубтың ішінен бірінші болып "Милан" құрылған. Араға 9 жыл салып, клуб ішіндегі жанжалдан кейін Джорджо Муджианидің басшылығымен бір топ ойыншы "Миланнан" бөлініп шығып, "Интернационале" (қысқаша атауы "Интер") деген команданың негізін қалайды. Осылайша ұжым ішіндегі жанжал, алаңдағы текетіреске ауысады. Ал, екі клубтың жанкүйерлері әлеуметтік жағдайына орай бөлініп алған. О бастан "Миланды" елдің оңтүстігінен келген еңбек мигранттары мен жұмысшы тап өкілдері қолдаса, "Интерді" қаланың байырғы және дәулетті тұрғындары қолдаған. Әлі күнге дейін бұл ұжымдардың кездесулерінде спорттық бәсекелестіктен бөлек, әлеуметтік бақталастықтың сипаты байқалады. Жанкүйерлердің қарсыластарына берген лақап аты да соны байқатады. "Интерді" қолдаушылар "Милан" жақтаушыларын "Ебедейсіз" ("Бұрауыш", "Casciavìt") десе, олар "Интерліктерді" "Мақтаншақ" ("Бөспе", "Bauscia") деп атайтын көрінеді.

Екі команда 1910 жылдан бері өзара 219 ойын өткізіп, 78 ойында "Интер", 75 ойында "Милан" жеңіске жеткен. 66 ойын тең есеппен аяқталған.

Айта кетерлігі, миландық клубтар үйдегі ойындарын бір алаңда, "Джузеппе Меацца" (ескі атауы"Сан-Сиро") стадионында өткізеді. Даңқты Джузеппе Меацца кезінде "Интер" сапында доп тепкендіктен "Милан" жанкүйерлері стадионды ескіше "Сан-Сиро" деп атауды жөн санайды.