Арман Оспановтың келесі қарсыласы анықталды

Қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Арман "Сұңқар" Оспанов 23 желтоқсан күні АСВ ұйымы аясындағы үшінші жекпе-жегін өткізеді. Бүгін отандасымыздың қарсыласы белгілі болды.

Арман ресейлің промоушнмен қол қойған келісімшарты бойынша (үш жекпе-жек өткізу) үшінші жекпе-жегін АСВ 77 турнирі аясында ресейлік спортшы Алексей Полпудниковке қарсы өткізеді. Қос спортшы осыған дейін де бір-бірімен кездескен.  2013 жылы League S-70 турнирінде өткен жекпе-жекте отандасымыз қарсыласын бірінші раундта-ақ жеңіп шыққан болатын.

АСВ 77 турнирі Мәскеу қаласында өтеді. Арманның салмағында чемпиондық атаққа ие Марат Балаев пен рейтингте көш басында тұрған Юсуф Раисов кездеседі. Сондай-ақ Альберт Дураев – Вячеслав Василевский, Абдул-Азиз Абдулвахабов – Эдуард Вартанян жекпе-жектерін де жанкүйерлер асыға күтетін болады.

Айта кетейік, Арман "Сұңқар" Оспанов Алматыдағы АСВ 69 турнирінің басты жекпе-жегінде бразилиялық спортшы Тиаго Сильвамен кездесіп, қарсыласына есе жіберіп алған еді. Бұл - отандасымыздың спорттық мансабындағы алғашқы жеңілісі болды. Ал Алексей соңғы 12 жекпе-жегінде қатарынан жеңіске жетіп келеді.