Дзюдодан Қазақстан құрамасы Президент кубогында топ жарды

Дзюдодан Қазақстан құрамасы Президент кубогында топ жарды
Фото: fdk.kz

Ақтөбе қаласында дзюдодан Қазақстан Республикасының Президенті Кубогына арналған ерлер арасындағы халықаралық турнир өтті. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Президент кубогына 9 мемлекеттен 10 команда қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия, Моңғолия, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Белорусия және Ақтөбе облысының құрама командасы өзара мықтыны анықтады. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясының ресми сайты хабарлады.

Ақтөбе қаласында Республикалық «Туған жер» форумы аясында өткізілген ҚР Президент кубогына арналған халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тілеген болатын. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Президент кубогында Олимпиада Чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев,сынды спорт тарландары құрметті қонақ болды.

Жарыс нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Президенті кубогына Қазақстан құрамасының спортшылары ие болды. Ұлттық құрама сапында ел намысын Ғұмар Қырғызбаев (66 кг), Елдос Жұмаханов (66 кг), Жансай Смағұлов (73 кг), Қажымұқан Өтеулиев (81 кг), Сұңғат Закарияев (90 кг), Ислам Бозбаев (90 кг), Ержан Шынкеев (+100 кг) абыроймен қорғады. Олар финалдық кездесуде Оңтүстік Корея спортшыларын 4:1 есебімен жеңіп, турнирдің алғашқы жеңімпазы атанды. Қола медаль үшін күресте Грузия мен Белорусь құрама командасының спортшылары арасындағы татами тартысында грузиялық дзюдошылар басым түсіп, турнирдің қола жүлдесіне қол жеткізді.

2017 жылы ұйымдастырылған дзюдодан Қазақстан Республикасының Президенті Кубогына арналған халықаралық турнирде жеңімпаз бен жүлдегерлерге қаржылай сыйақылар табысталды. Жеңімпаз атанған Қазақстан құрамасы 4 000 000 теңгеге ие болды. Екінші орын алған Оңтүстік Корея құрамасына – 2 700 000 теңге, үшінші орынға ие болған Грузия құрамасына 1 700 000 теңге табысталды.

Ө. Сансызбай