Головкин мен Альварес тағы да Мексика халқының ұлттық мерекесінде жұдырықтасуы мүмкін

Головкин мен Альварес тағы да Мексика халқының ұлттық мерекесінде жұдырықтасуы мүмкін
Фото: Геннадий GGG Головкин (вконтакте)

Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес арасындағы екінші жекпе-жек 5 мамыр күні өтуі мүмкін. Бұл күн Мексикада Синко де Майо мерекесімен сәйкес келеді.

RingTV ақпараты бойынша, қос боксшы арасындағы екінші жекпе-жек осы бір мерекеге орайластыра ұйымдастырылуы мүмкін. Синко де Майо – 5 мамыр күні тойланатын Мексика халқының ұлттық мерекесі. 1862 жылдың осы күні Мексика әскері Пуэбла қаласында француз әскерін жеңген. Бұл күні Мексикада түрлі фестивальдар мен карнавалдар ұйымдастырылады. Кей өңірлерінде бір аптаға дейін тойланады.

"Golden Boy" промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гоместің айтуы бойынша, 5 мамыр жекпе-жекті өткізуге өте қолайлы саналып отыр екен.

- Өте жақсы уақыт. Өзге спорт түрлеріне еш әсерін тигізбейді. Бұл күні Кентукки Дерби (ат жарысы) өткенмен, америкалық футболдан жарыс жоқ, бейсбол сәуірде басталады. Ал баскетболда плей-офф кезеңіне іріктеу уақытымен сәйкес келеді, - деді Эрик Гомес.

Сондай-ақ бүгін боксшылардың командасы екінші жекпе-жекке келіссөздерін бастайтыны туралы да ақпарлар тарауда.

Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес 16 қыркүйек күні жұдырықтасып, тең түскен болатын. Бұл күн Мексика елінің Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген еді.

Ө. Сансызбай