Мейірім Нұрсұлтанов қарсыласын 50 секундта жеңді

Мейірім Нұрсұлтанов қарсыласын 50 секундта жеңді
Фото: Тұрар Қазанғапов

«ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Астанада өтіп жатқан кәсіпқой бокс кешінде Мейірім Нұрсұлтанов қарсыласын 50 секундта-ақ жеңіп шықты.

Қазақ кәсіпқой боксшысына қарсылас атанған бразилиялық Исмаэл Буэно қауқар таныта алған жоқ. Мейірімнің жойқын соққыларынан кейін қарсыласы шаршы алаң сыртына бір-ақ құлады. Нәтижесінде айқын нокаутпен жеңіске жетті.

Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой бокстағы төртінші жеңісіне қол жеткізіп отыр. Осыған дейінгі үш жекпе-жегін де АҚШ жерінде өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен.

Мейірімнен кейін шаршы алаңға шыққан Димаш Ниязов та қарсыласынан басым шықты. Бруклинде полицей болып қызмет атқаратын Димаш төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. Ал Айдос Ербосынұлы аргентиналық Джонатан Джеронимо Барбадильоны бірінші раундта екі рет нокдаунға жібергеннен кейін, қарсыласының жаттықтырушылары шаршы алаңға ақ орамалды тастап, шәкіртін арашалап алып қалды.

Айта кетейік, Астанадағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук жұдырықтасады.

Ө. Сансызбай