"Әлем барысына" 5 балуанымыз қатысады

"Әлем барысына" 5 балуанымыз қатысады
Фото: google.kz

8 қыркүйек күні қазақ күресінен Астанада өтетін "Әлем барысы" додасына қатысатын балуандарымыз белгілі болды. Жаттықтырушылық кеңестің шешімі бойынша биылғы жарысқа 5 балуанымыз қатысатын болды.

Екінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа әлемнің 40-қа жуық елінен келген балуандар бақ сынайды. Бүгін Астанадағы "Mega Silk Way" ойын-сауық орталығында балуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді.

Астана боз кілемінде ел намысын 5 балуанымыз қорғайды. Осыған дейін биылғы "Қазақстан барысы" Еламан Ерғалиевтің қатысуы белгісіз болып келген еді. Бүгін белгілі болғандай, дзюдодан әлем чемпионатынан оралған Еламан мен Ержан Шынкеев "Әлем барысына" қатысатын болды. Сондай-ақ биылғы жарыста апайтөс балуандарымыз Айбек Нұғымаров, Айбат Сейтен мен Дәурен Нұралинов ел намысын қорғайды.

Биылғы Әлем барысының жүлде қоры – 30 миллион теңге. Жеңімпаз атанған балуан тең жартысын иеленеді. Екінші орын алған балуан - 5 миллион, үшінші орын алған балуан 3 миллион сыйақы алады. Сондай-ақ жүлдегерлер алтын, күміс және қола белбеулермен марапатталады.

"Әлем барысы" 8 қыркүйек күні Астанадағы "Барыс Арена" спорт кешенінде өтеді. Тікелей эфирде "Qazaqstan" және "Qazsport", түріктің "TRT Avaz", Ресейдің "Матч! Планета" және "Бокс ТВ" арналары көрсететін болады.

Жарысқа келген жанкүйерлер арасында "Renault Logan" автокөлігі ойнатылатын болады.

Ө. Сансызбай