"Барыс" "Салават Юлаевты" соңғы минутта сан соқтырды

О Сансызбай Корреспондент
"Барыс" "Салават Юлаевты" соңғы минутта сан соқтырды
Фото ©️ vesti.kz

Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын "Барыс" Уфада "Салават Юлаев" командасын 5:3 есебімен ұтты. Ойынның аяқталуына 1 минут қалғанда елордалық команда хоккейшілері мұз айдын иелері қақпасына қатарынан үш шайба тоғытты.

БӨЛІСУ

Бірінші кезеңде "Барыс" хоккейшілері айқын басымдық танытып шықты. 9 минутта Найджел Доус есеп ашты. Араға бірер минут сала Владимир Маркелов "Салават Юлаев" қақпасына екінші шайбаны соқты.

Екінші кезеңде уфалық команда белсенді. 40 секунд ішінде Сергей Кудрявцев қорғаған қақпаға екі шайба соқты. Йоонас Кемпайнен мен Артем Феодоров мергендігімен көзге түсті.

Үшінші кезең ортасында Тем Хартикайнен мұз айдын иелерін алға шығарды. Дегенмен "Барыс" хоккейшілері соңғы минутта жеңіске бастар жолды таба білді. Бар-жоғы бір минуттың ішінде Найджел Доус таразы басын теңестіріп, артынша Мартен Сен-Пьер елордалық ұжымды алға шығарды. Бұл есеп айырмасымен тоқтап қалмай, Найджел Доус ойындағы үшінші шайбасын соғып, хет-трик орындады.

"Барыс" келесі ойынын 8 қыркүйек күні Ригада "Динамоға" қарсы өткізеді.