Самат Смақов: «Жігіттерге тек сәттілік тілеймін»

Самат Смақов: «Жігіттерге тек сәттілік тілеймін»

Ішкі біріншіліктегі командалардың жағдайы, ұлттық құрама мен командалардың дәрежесі туралы біз «Ақтөбе» командасының капитаны Самат Смақовтан сұрап білдік.

— Самат, ұлттық құрамаға шақырту алмағаныңызға біршама уақыт болды. Қазір құраманың ойындарын теледидардан тамашалап отырып, қандай сезімде боласыз?
— Ұлттық құраманы сырттай бақылап отырсам көңіл-күйім түсіп кетеді.

— Ұлттық құрама сапында ойнап жүрген кездеріңізден қандай естеліктеріңіз қалды?
— Құрама сапында ойнап жүрген кездерімнен естеліктер өте көп. Бірінші рет оқу-жаттығу жиындарына келгенімді әлі ұмыта қойған жоқпын. Сонымен қатар жігіттермен жаттығу барысындағы әзілдескен сәттер де жадымда мәңгі сақтаулы.
Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрген кездеріңіздегі ең үздік кездесу деп қай ойынды айтар едіңіз?
— Қазақстан құрамасы үшін ең сәтсіз ойын өз алаңымызда Түркиядан 0:6 есебімен жеңілгенде тіркелді. Ал ең сәтті кездесу деп Алматының орталық стадионында Сербия құрамасын 2:1 есебімен жеңген кездесуді айтуға болады.
Ұлттық құрама мен біріншілікте өнер көрсететін командалардың айырмашылығы қандай?
— Жеке клубтардың қатарында легионерлер бар. Келімсектердің ішінде де аяқдопты ұршықша иіретін ойыншыларды көргенмін. Сонымен қатар клубтар әр елден ойыншыларды шақыра алады. Ал ұлттық құрама сапында тек бір елдің ғана ойыншылары ойнайды.
Қалай ойлайсыз, Ішкі біріншілікте «Шахтер» командасы болады ма?
— Иә. «Шахтердің» чемпион болатынына еш күмәндарыңыз болмасын!
Маусым соңында «Ақтөбе» командасы алдарына қандай мақсат қойды?
— Үздік үштік қатарынан көрінуге қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз.
— Самат, бүгінде ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жатқан жігітердің қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?
— Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Исламхан. Бүгінде құрамаға жиналған жігіттердің басым көпшілігі жастар. Сергей Гридин, Марат Шахметов, Даурен Тәжімбетовтар алдағы уақытта құраманы алға сүйрейтін жігіттер болады деп ойлаймын.
—  Аустриямен өтетін кездесудің алдында жігіттерге қандай тілек айтасыз?

— Құрамадағы ойыншылар жас емес. Ұлттық құрамаға шақырту алып, еуропалықтарға қарсы ойнау қазақстандық әрбір футболшының арманы. Жігіттерге тек сәттілік тілеймін.

—  Әңгімеңізге рахмет! 

Cұхбаттасқан: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: sport.kz 

Қ. Қауымбек