Усейн Болт футболдағы мансабын бастауы мүмкін

Усейн Болт футболдағы мансабын бастауы мүмкін
Фото: 112.ua

Лондондағы әлем чемпионатынан кейін спорттық мансабын аяқтаған әйгілі ямайкалық желаяқ Усейн Болт алдағы уақытта футбол әлемінің жұлдызына айналуы мүмкін. Қазіргі таңда оған Англия чемпион-лигасында (чемпионшип) ойнайтын "Бертон Альбион" командасы қызығушылық танытуда.

Клуб президенті Бен Робинсон Усейн Болтты өз командасынан көргісі келеді. Спортшыға ұсыныс тастауға да дайын.

- Бас жаттықтырушы қарсы болмаса, біз спортшыға ұсыныс жасауға қарсы емеспіз. Командада тәжірибеден өтеді. Ол – өте жылдам. Талай әлем рекордын жаңартты. Ол біздің командаға келсе, ғажап болар еді, - деді клуб президенті.

Усейн Болттың агенті Рикки Симмс та спортшының футболға деген құштарлығын жасырып қалған жоқ.

- 30 жастағы желаяқ Бундеслига болмаса, ағылшын премьер-лигасында ойнайды деп айту қиын. Дегенмен 6-9 ай дайындалса, бірінші, болмаса екінші лигада ойнауына шама-шарқы жетеді. Қай командада ойнайтыны әзірге құпия болып қалғаны жақсы, - деді.

Ямайкалық спортшы сегіз дүркін Олимпиада чемпионы ғана емес, он бір дүркін әлем чемпионы атанған желаяқ. Сегіз рет әлем рекордын жаңартқан. 100 және 200 метрге жүгіруде ең жылдам спортшылардың бірі. 

Ө. Сансызбай