"Астана" футболшысына үш бірдей ағылшын клубы қызығушылық танытуда

"Астана" футболшысына үш бірдей ағылшын клубы қызығушылық танытуда
Фото: Sputnik Казахстан

Елордалық "Астана" клубының шабуылшысы Жуниор Кабанангаға үш бірдей ағылшындық клуб қызығушылық білдіріп отыр. Бұл туралы Nottingam Post басылымы хабарлайды. 

Басылымның мәліметі бойынша, қазіргі уақытта конголық шабуылшыны "Ноттингем Форрест", "Лидс" және "Халл Сити" клубтары өз қатарларында көргісі келеді. Бұл клубтардың барлығы да Чемпионшипта бақ сынайды. Өткен маусымда "Ноттингем Форрест" чемпионшипта 21-орын алса, "Лидс" – 7-ші, ал "Халл Сити" Англия Премьер-лигасында ойнаған. 

Жуниор Кабананганы сатып алуға "Лидстің" мүмкіндігі мол саналуда. Шабуылшының трансферлік құны - 1,5 миллион фунт (немесе 1,656 миллион еуро) тұрады. 

Айта кетейік, биылғы жазда Кабанангаға Италияның А сериясында өнер көрсететін "Кратоне" клубы да қызығушылық танытқан. Ал польшалық TVP Sport телеарнасының комментаторы Куба Локетеканың мәліметінше, қазіргі күні шабуылшымен "Легия" клубы да келіссөз жүргізіп жатыр екен. 

28 жастағы Кабананга "Астана" сапына 2015 жылдың жазында ауысып келген еді. 2016 жылғы маусымның бірінші бөлігін ол түркиялық "Карабюкспор" клубында өткізіп, Түркия Суперлигасына шықты. Жалпы "Астана" сапында ол 79 ойынға қатысып, 30 гол және 7 нәтижелі пас берген. Биылғы маусымда ол 14 гол соғып, ел біріншілігіндегі үздік сұрмергендердің тізімінде екінші орында тұр. 

Шілде айының соңында Жуниор Кабананга "Астана" клубымен келісімшартын тағы екі жылға созды.

Ө. Сансызбай