Василий Жиров қазақ боксшыларына қолдау көрсетуге дайын екенін айтты

Василий Жиров қазақ боксшыларына қолдау көрсетуге дайын екенін айтты
Фото: vesti.kz

1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарының чемпионы әрі Вэл Баркер кубогының иегері Василий Жиров қазақ боксшыларына шетелде көмектесуге дайын екенін айтты. Бұл туралы nv.kz хабарлайды. 

Василий Жиров жуырда ғана АҚШ-тың Аризона штатынан Техас штатына көшкен болатын. Техаста ол үлкен спорт кешенін ашыпты. Оның ішінде боксшылар да жаттығу жұмыстарын өткізеді. Әзірше Жиров жергілікті жас боксшыларды жаттықтырып жүр. Алдағы уақытта ол кәсіпқой бокста жүрген қазақ боксшыларын да залға жаттығуға шақыратынын айтады. 

"Америкада барлығы үшін ақша төлейсіз. Егер боксшының мүмкіндігі мен таланты болатын болса, мен өзім жүріп өткен бокс кәсібіне кіруге көмектесуге дайынмын. Боксшыны жоғары деңгейге көтеру үшін ақша керек. Егер боксшылар біртіндеп емес, бір топ болып келетін болса, жеңілдеу болады. Ақша жаттығу үшін, пәтерді жалға алу үшін, дұрыс тамақтану үшін және жарнама үшін керек. Боксшылардың саны көбейген сайын, шығын азаяды. Кәсіпқой бокста промоутерге де көп нәрсе байланысты. Дұрыс промоутер боксшыны биік белестерге шығарады. Ал егер промоутер таңдаудан қателессе, ең талантты боксшының өзі құрдымға кетеді", - дейді Василий Жиров. 

Ө. Сансызбай