Арман Оспанов Алматыда жастарға шеберлік сабағын өткізді

Арман Оспанов Алматыда жастарға шеберлік сабағын өткізді
Фото: massaget.kz

Жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері Арман Оспанов Алматыда жастарға арнап шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ арнайы пресс-конференция ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен жанкүйерлердің сұрақтарына жауап берді.

Шеберлік сабағы алдындағы пресс-конференцияға "Alash Pride" клубының президенті Данияр Қасқарауов, кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев қатысты. Құрметті қонақтар арасында Ресейден келген қандасымыз, ережесіз жекпе-жек шебері Дамир Исмағұлов та болды.

Арман Оспанов АВС ұйымы аясындағы келесі кездесуін қыркүйек айында Алматыда өткізуі мүмкін. Жиын барысында Данияр Қасқарауов ресейлік промоушнмен келісімдер 99 % жасалып үлгергенін айта кетті.

Жас өрендер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойса, үлкендер спортшының мансабына сәттілік тіледі. Пресс-конференция соңынан спортшы жастарға шеберлік сабағын өткізіп, түрлі айла-тәсілдерін көрсетті.

Ө. Сансызбай