Головкин Майқұдықта өз қаржысына балаларға арналған ойын алаңын салдырады

Головкин Майқұдықта өз қаржысына балаларға арналған ойын алаңын салдырады
Фото: vesti.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин туған жері Майқұдықта өз қаржысына балалар алаңын салдырады. Бұл туралы боксшының "вконтакте" желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап, Vesti.kz тілшісі хабарлады.

Майқұдықта өз қаржысына балаларға арналған ойын алаңын салу жайлы боксшы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен кездесуде айтқан. 

- Елбасының бастамасымен бүгінде «Туған жер» бағдарламасы жүзеге асуда. Кәсіпкерлер, танымал адамдар өздерінің туып-өскен жерлерін көркейту мақсатында түрлі шаралар жасауда. Бірі мектеп салса, енді біреулері жолдарын жөндеуде. Мұны көпшілігі қолдауда, - деді әкім. Ал өз кезегінде Геннадий Головкин де бұл бағдарламаны қолдайтынын айтты.

- Мен де бұл бағдарламаны қолдаймын. Өзім өскен аулада балалар ойын алаңын салсам, бұл – игі іс. Елбасының бұл бағдарламасын қолдаймын, әрі атсалысамын, - деді боксшы.

Айта кетейік, кеше Геннадий Головкин Майқұдықта өз атына берілген спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысқан болатын. 

Ө. Сансызбай