Қазақстан - Дания ойынына ресейлік төрешілер қазылық жасайды

Қазақстан - Дания ойынына ресейлік төрешілер қазылық жасайды
Фото: fc-anji.ru

2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы Қазақстан мен Дания арасындағы ойынға ресейлік төрешілер қазылық жасайтын болды. 

Алматыдағы кездесуде бас төреші қызметін Владислав Безбородов атқарады. Оған алаң жиегінде Максим Гаврилин мен Валерий Данченко көмектеседі. Төртінші төреші қызметінде Кирилл Левников болады. Ол Қазақстан футбол федерациясы төрешілер департаментінің директоры Николай Левниковтың ұлы. 

Айта кетейік, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы ойын 10 маусым күні Алматының Орталық стадионында өтеді.

Бұл ойын Қазақстан ұлттық құрамасы үшін әлем чемпионатының іріктеу турнирінде өз алаңында өткізетін үшінші кездесуі болмақ. Алғашқы екі ойында біздің футболшылар Польша және Румыния құрамаларымен тең түскен еді.

Қазақстан мен Дания ойынына билеттердің құны 1000 теңгеден басталады.

Ө. Сансызбай