Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы ойын Алматыда өтеді

Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы ойын Алматыда өтеді

Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы ойын Алматының Орталық стадионында өтеді. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты хабарлады.

- Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы ойын 10 маусым күні Алматыдағы 23 804 жанкүйер сиятын Орталық стадионда өтеді. Бұл Қазақстан құрамасының 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы өз алаңында өткізетін үшінші ойыны. Астана Аренада өткізген алғашқы екі ойында Польша және Румыния құрамаларымен тең түскен, - деп жазылған ресми хабарламада.

Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Тікелей эфирде Қазақстан ұлттық арнасы көрсететін болады.

Іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы 2 ұпаймен соңғы орында тұр. Ал 7 ұпайы бар даттар үшінші орында келеді.

Айта кетейік, бүгін Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) жаңарған рейтингін жариялаған болатын. Қазақстан құрамасы бір орын алға жылжып, 104-орынға көтерілді.

О. Сансызбай