"Арландар" Ташкентте "Өзбек жолбарыстарынан" жеңілді

"Арландар" Ташкентте "Өзбек жолбарыстарынан" жеңілді
Фото: vk.com (Astana Arlans)

Бүкіләлемдік бокс сериясында ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» командасы Ташкентте «Uzbek Tigers» командасына 4:1 есебімен ұтылды. Отандастарымыз топтағы бірінші жекпе-жекте қарсыластарын дәл осындай есеппен ұтқан болатын.

Қос команда арасындағы кездесуде алғаш болып шаршы алаңға 64 келідегі боксшылар шықты. Ділмұрат Мижитов Елнұр Әбдірайымовпен жұдырықтасты. Төрешілер жекпе-жек қорытындысы бойынша шаршы алаң иесін жеңімпаз ретінде таныды. Ал екінші кездесуде 56 келіге дейінгі салмақта Ілияс Сүлейменов Абдулхай Шарахматовқа 0:3 есебімен (47:48, 47:48, 45:50) ұтылды. 

Үшінші болып шаршы алаңға шыққан қазақ боксшысы Сапарбай Айдаровқа тәжірибе жетіспеді. Ал қарсыласы Исраил Мадримов бокс ережесіне қарсы қимылдарымен есте қалды.

91 келіге дейінгі салмақта Антон Пинчук қана «Astana Arlans» командасына жеңіс алып келді. Ол Зухриддин Махкамовтан айласын асыра білді.

Қос команда арасындағы кездесу Хасанбой Дусматов пен Теміртас Жүсіпов арасындағы жекпе-жекпен аяқталды. Бұл шаршы алаңдағы шайқаста өзбек боксшысының мысы басым болды.

«Astana Arlans» топтағы соңғы кездесуін (22 сәуір) Қытайда «China Dragons» командасына қарсы өткізсе, өзбектер Мәскеуде «Patriot Boxing Team» командасымен кездеседі.

Айта кетейік, қазақстандық клуб өткен турда-ақ WSB жобасының плей-офф кезеңіне шығып үлгерген болатын.

Ө. Сансызбай