Қазақ боксшылары екі халықаралық турнирде де үздік нәтиже көрсетті

Қазақ боксшылары екі халықаралық турнирде де үздік нәтиже көрсетті
Фото: kfb.kz

Қазақ боксшылары Германияның Галле қаласында өткен "Chemistry Cup" додасы мен Бакуде аяқталған "Ұлы Жібек жолы" халықаралық турнирлерінде үздік нәтиже көрсетті. 

Алдымен кіші әлем чемпионатына баланатын Галледегі "Chemistry Cup" турнирінен бастайық. Бұл додаға қазақ боксшылары толық құрамда (10 боксшы) қатысты. Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов бастап барған жарыста 9 бірдей боксшымыз жүлдегерлер қатарынан табылды. Оның ішінде 4 боксшымыз жеңімпаз атанды. Нақтырақ айтқанда Қазақстан құрамасы 4 алтын 1 күміс 4 қола медаль еншіледі. Тек 64 келіге дейінгі салмақта Бекдәулет Ибрагимов қана жүлделі орыннан көріне алмады.

Жарыста Азамат Исақұлов (52 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) пен Василий Левит (91 келі) жеңімпаз атанды.

Азамат Исақұлов - Овик Оганесян (Ресей) 4:1;

Әбілхан Аманқұл - Макс ван дер Пас (Нидерланд) – Үшінші раундта жеңіске жетті

Василий Левит - Владимир Узунян (Ресей) 5:0;

Қамшыбек Қоңкабаев - Андрей Городецкий (Украина) 5:0.

69 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жүрген Абылайхан Жүсіпов финалда неміс боксшысы Абас Баррауға жол беріп, күміс медальды қанағат тұтты.

Ержан Жомарт (49 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Әділет Құрметов (60 келі) қола жүлде алды. Әділбек жарысты соңына дейін аяқтаған жоқ. Жартылай финалдық жекпе-жегіне шықпады. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдық мерейтойына орай өтетін іс-шараға қатысу үшін шұғыл түрде елге қайтқан.

Галледе қазақ боксшылары жалпы есепте бірінші орын алды. Германия құрамасы 16 боксшымен 3 алтын, 4 қола медальға ие болды. Ресей құрамасы 7 боксшысын әкеліп 1 алтын, 3 күміс, 1 қоламен үштікті қорытындылады.

Әзірбайжан елінің астанасы Бакудегі "Ұлы Жібек жолы" халықаралық турнирі де аяқталды. Бұл жарысқа қазақ боксшыларын қазақ боксшыларын жаттықтырушылар Азамат Мақажанов пен Александр Стрельников бастап барған болатын. Мәулен Өскенбек (69 келі) пен Ерік Әлжанов (75 келі) өз салмақ дәрежелерінде жарыс жеңімпазы атанды. Бекжан Құралов күміс медальды қанағат тұтса, Асхат ЖүсіповЖандос Несіпжан (екеуі де 49 келі), Олжас Байниязов (52 келі), Мырзабек Болатов (60 келі), Бек Нұрмағанбет (81 келі) пен Айтас Тойбаев (+91 келі) үшінші орыннан көрінді. 

Айта кетейік, бұл күндері Финляндия елінің астанасы Хельсенкиде "GeeBee" халықаралық турнирі өтіп жатыр. Бұл жарыста еліміздің намысын 5 боксшы қорғауда. Атап айтар болсақ, Нұрбол Қалжанов (56 келі), Садриддин Ахмедов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) пен Нұрлан Сапарбай (91 келі) бақ сынауда.

Ө. Сансызбай