«Барыстың» ширек финалға шығуына бір қадам қалды

«Барыстың» ширек финалға шығуына бір қадам қалды
Фото: vk.com

Құрлықтық хоккей лигасының 1/8 финалындағы «Барыс» пен «Трактор» арасындағы бесінші ойынның қорытындысы бойынша қазақстандық команда алға шықты. Түнде өткен ойында Эдуард Занковец шәкірттері мұз айдын иелерін қосымша уақытта ұтты.

Ойынның бірінші кезеңінде «Барыс» сапынан Константин Пушкарев шайба соқты. Екінші кезеңде челябілік команда қатарында Артем Бородкин мергендігімен көзге түсіп, таразы басын теңестірді. Ал үшінші кезеңде есеп өзгерген жоқ. Сондай-ақ «Трактор» хоккейшілері дөрекі ойынымен де есте қалды. 44 минутта «Барыс» сапынан Дастин Бойд жарақат алып қалды. Әзірге хоккейшінің жарақаты туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Қосымша уақытта Мартен Сен-Пьер елордалық командаға жеңіс сыйлаған шайбаны соқты. Төрешілер нәтижені видеоқайталаудан кейін есепке алды.

Қос команда арасындағы алтыншы ойын 4 наурыз күні Астанада өтеді. Осы ойында «Барыс» жеңіске жетсе, ширек финалға шығатын болады. Ойын Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады. Тікелей эфирде «KazSport» арнасы көрсететін болады.  

Ө. Сансызбай