«EXPO» кезінде Астанада бокс кеші өтеді

«EXPO» кезінде Астанада бокс кеші өтеді
Фото: AllBoxing.ru

ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «EXPO-2017» көрмесіне арналған бокс кеші өтетінін растады, - деп хабарлайды Vesti.kz сайтының қазақ бөлімі.

- «EXPO» кезінде спорттық шараларды өткізу – жетекші орында. Бес әлем чемпионатын, екі Азия чемпионатын, теннистен Президент кубогы халықаралық турнирін өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, Мәскеуден басталып, Астана арқылы Бейжіңге өтетін «Жібек жолы – 2017» халықаралық ралли жарысы бар. Дүниежүзілік бокс кеңесінің халықаралық мерейтойлық 55-ші конвенциясы мен бокс кешін өткіземіз", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Еске салайық, осыған дейін 10 маусымда EXPO-2017 аясында WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) мен WBO  бойынша чемпиондық белбеу иегері, ағылшын боксшысы Билли Джо Сондерс (24-0, 12 КО) кездеседі деген ақпарат тараған еді. EXPO баспасөз қызметіндегілер келіссөздердің жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Одан өзге бұл кеште Қанат Ислам да кезекті жекпе-жегін өткізуі мүмкін. 

Ө. Сансызбай