Сергей Малышев Қазақстан қоржынына Универсиаданың 35-жүлдесін салды

Сергей Малышев Қазақстан қоржынына Универсиаданың 35-жүлдесін салды
Фото: almaty2017.com

Қазақстандық шаңғышы Сергей Малышев Алматыда өтіп жатқан 28-ші қысқы Универсиада ойындарында 30 шақырымға масс-старт бәсекесінде бағын сынап, қола жүлде жеңіп алды.

Шаңғы спортынан өткен соңғы сайыста отандасымыз мәрені бірінші болып кескен ресейлік Дмитрий Ростовцевтен +0.5 уақыт қалып, қола жүлдені місе тұтты. Бұл жарыста күміс медальді екінші бір ресейлік спортшы Валерий Гантарь алды. 

30 шақырымдық сайысқа қатысқан екінші бір отандасымыз Виталий Пухкало көшбасшыдан 21,1 секунд қалып, төртінші орынға тұрақтады. 

Бұл Қазақстан үшін Универсиада ойындарында алып отырған 35-жүлдесі. Жалпы біздің құраманың қоржынында қазір 11 алтын 7 күміс және 17 қола жүлде бар. 

Бұл Сергей Малышевтің - екінші жүлдесі. Бұған дейін ол 7,5 шақырымға командалық жарыста күміс жүлде жеңіп алған еді.  

Ө. Сансызбай