Қазақстан хоккейшілері күміс медальді қанағат тұтты

BAUKENTI ZHAQSYMBET Корреспондент
Қазақстан хоккейшілері күміс медальді қанағат тұтты
Фото ©️ massaget.kz

Универсиада ойындарына қатысып жатқан Қазақстан мен Ресей ерлер құрамасы финалдық ойында жолықты. Күні кеше өткен жартылай финалда чех елінің хоккейшілерінен айласын асырған отандастарымыз, Канада құрамасын тас талқан еткен ресейліктермен бақ сынасты. Сергей Старыгин жаттықтыратын команда бұл ойында аянып қалмады. Алайда, бұл жолы біздің спортшылардың бағы ашылмады. Үшінші кезеңнің басында өз қақпаларына шайба жіберген отандастарымыз, ойын соңына дейін есепті теңестіре алмады. 

БӨЛІСУ

Ойын тартысқа толы болды. Қос құрама ойыншылары да өздерінің керемет ойындарымен жанкүйерлерді жабықтырмады.

Екі кезеңде бар шеберлігін байқатқан біздің қақпашыға ешкімнің өкпесі жоқ. Себебі, қарсыластар тарапынан төпелеген соққылардың барлығын шама келгенше қайтарып бақты. Назарларыңызда гол жіберген жігіттің ұнжырғасы түсіп тұрған сәті.

Ойын кезінде теке-тірестер мен жаға ұстасулар болып тұрды. Бір-біріне жұдырық алып жүгірмесе де, нағыз жігіттерше жігерлілік таныта білді.

Сонымен Универсиада 2017 хоккейінде 0-1 есебімен қонақ қоманда жеңіске жетті. Ал, біздің спортшылар өз кезегінде қоржынымызға күміс медаль алып берді. 

Бүгін Астана уақыты бойынша сағат 19:00-де Универсиаданың жабылу салтанаты өтеді.