"Астана" футболшысы Африка ұлттары кубогында үздік сұрмерген атанды

"Астана" футболшысы Африка ұлттары кубогында үздік сұрмерген атанды
Фото: afriquefoot.rfi.fr

"Астана" футбол клубының шабуылшысы Джуниор Кабананга Габонда аяқталған Африка ұлттары кубогында үздік сұрмерген атанды. Ол топтық кезеңдегі үш ойында да гол соққан болатын.

Джуниор Кабананга бақ сынайтын Конго Демократиялық Республикасы жарысты ширек финалда аяқтады. Гана құрамасына 2:1 есебімен есе жіберіп алды. Ал топтық кезеңде конголықтар Марокко мен Того құрамаларын ұтып, Кот-д’Ивуар құрамасымен тең түскен еді. "Астана" шабуылшысы үш ойында да гол соққан болатын.

Джуниор Кабананганың үздік сұрмерген атануына үш голдың өзі жеткілікті болды. Египет құрамасының ойыншысы Мұхамед Салах пен камерундық Мишель Нгаду-Нгаджидің үздік сұрмерген атануына мүмкіндіктері болғанмен, олар финалда гол соға алған жоқ.

Айта кетейік, Габонда өткен Африка ұлттары кубогында Камерун құрамасы жеңімпаз атанды. Олар финалда Египет құрамасынан 2:1 есебімен басым түсті. Үшінші орын үшін өткен ойында Буркина-Фасо құрамасы Гананы 1:0 есебімен ұтты.

Ө. Сансызбай